Жайма шуақ жаз. Қаланың күйбең тіршілігі мен шуында автобустың терезесіне үңіліп, жалғыз кетіп барамын. Барлығы бір жаққа асығатындай, айнала да тымырсық. Тек қана алыстан мұнарланған тау ғана бірден көзге түсіп, мен-мұндалайды. Мүлдем өзгеше өмір легі сол тау мен тастың арасында орнағандай көрінді де, бір сәтке өзімді қиял қанатымен сол жаққа ұшырмақ болып, көзімді жұмдым...
Тым-тырыс. Бар тіршілік тыныштықтың құрсағында жатқандай. Анда-санда ғана құлақтың түбінен әлдеқандай «жел» атаулы сырып өткендей болады. Найза шың ақ көрпеге орнаған. Мамық бұлттар жоғарыға жарыса шығып, тау басында жайылып жүр. Күн шапағы біресе көзге түсіп, бет қаратпайды, бірде бейне бір ұялып, жасқанған арудай аспаннан жылтың-жылтың етеді. Салқын ауа белгісіз хош иісімен масайтып, қайта-қайта бойды билеп барады. Жер бетіндегі небір тылсым дүниелер ақ параққа түскен бір түйір дақ тәрізді, көзге білінер-білінбес. Жап-жасыл ну орман бар ғажайыбы мен бар тылсымын қарағайларының арасына жасырып, көрсетер емес. Айналадан тірі жан көзге түспейді. Тек қана тау тылсымы және сен. Сарқырап аққан өзен суы мөлдірей жалтылдап, саған алыстан қол бұлғағандай болады. Айналаға көз тігіп, осы бір керемет сәттерді жаттай бастайсың.
Аздан соң тау шатқалынан самұрық құс самғап ұшып, үн қатқанда бойда «еркіндік» дейтін ғажап сезім жалындай түсті. Бойды билеген осы сезіммен самұрыққа еліктей түстім де, төменге қарай құлдилай ұмтылып, қанатымды кеңге қақтым. Қаққан сайын көкке биіктей ұшып, самұрықпен жарыса самғадым. Барша әлем, бар дүние маған тиесілі тәрізді, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәт. Қиял қанатында құстай ұшқан ғажап сезімнен «аялдамаға жеттік» деген автобус қызметшісінің сөзі оятқан еді. Әйтсе де, осы ойымнан біраз уақытқа арыла алмадым. Сол бір тылсым дүние...
Тау кереметі. Тау ғажабы. Тау тылсымы. Осы сәттер қиялымның жетегінен ұзақ уақытқа арылмасы анық. Тағы да ұшқым келеді...
Таулардың табиғаты, тылсым сыры,
Барша жұрт қалай ғана білсін бұны?
Бір Алла мінсіз қылып жаратқан тау-
Дүниенің ғажайып бір «сұмдығы».
Ғажайып, сөз жетпейді таңданысқа,
Армандаймын, қараумен сол бір құсқа.
Сол жердің гүлі болып қалсам деймін,
Қиялым тауға қарай самғап ұшса.
Шынар ТӨЛЕУХАН
Журналистика, 3-курс
Comments