Әлі есімде. Бала күнде шетелдіктер секілді Аяз атаға хат жазу сіздерде болды ма? Ал менің балалық шағымның қызық та есте қалар сәттері көп. Қыстың қаһарлы күндері. Мектептен ең алыс тұратын мен едім. Үйден шыққанда дала қараңғы, айнала көрінбейтін. Қар қалыңдығы кейде тіземнен асатын. Қар кешіп, ағам салған жолмен әрең-әрең артынан еріп, мектепке қарай жол тартамыз. Ең қызығы бір сағаттай суықта жүріп келе жатқанда аспанда жұлдыздар жарқырап қармен шағылысатын. Шағылысқан жұлдыз бейнесіндегі қарды екі қолыммен ұстап, қатты-қатты қысып, алдымда қар кешіп келе жатқан ағамның басына лақтыратынмын. Ағам ашуланып артымнан мектепке дейін қуып баратын еді. Осылайша бір сағаттық жолды жарты сағатта жүгіріп жетеміз. Міне, мектеп үлкен-үлкен қара ағаштармен қоршалған қамал секілді. Мектеп есігі өте үлкен және ашқан кезде байланған резеңке арқылы қайта жабылғанда бүкіл мектеп дүр сілкінетін еді. Оны ашуға менің де, ағамның да әлі жетпейтін, сондықтан ересек адамның келгенін немесе шыққанын есік алдындағы күшіктер секілді күтіп тұрамыз. Мектеп іші қараңғы. Мұғалімді күтіп тұрғанша көптеген ойындарды ойнап үлгереміз.
Сабақ басталды. Бәрі у-шу. Апай орнынан тұрып: "Балалар мен сендерге парақ таратамын. Сендер бұл параққа Аяз атаға хат жазасыңдар, ал мен хаттарыңды жіберемін" деді. Ойымда ештеңе жоқ. Арман да, Мақсат та. Ақ қағазға "Құрметті Аяз ата" деп мен де хат жаздым. Достарымның армандарын орындауыңды өтінемін, сосын мені тезірек ересек қылшы деп тілек тіледім. Бірақ оны апайымыздың ешқайда жібермейтінін білетінбіз. Бірақ Аяз атаның бар жоғына бас қатырмай сенетінбіз. Осы кезде арамыздан бір ақылды шығып "Солтүстік жел деген бар, ол хаттарымызды Аяз атаға ұшырып әкетеді!" - дейді. Апайдың шығып кеткенін күтіп, терезелерді ашып ақылдылар солтүстік желді күтті. Шынымды айтсам, мен де күттім. Қармен араласқан қатты жел соға бергенде барлығы хаттарын лақтыра берді. Суық жел хаттарды әкете алмады. Барлығы мектеп маңына қарай құлай берді.Ал мен лақтырмадым. Өйткені желге де сенбедім. Барлығы жылап, ұшпаған хаттарына не жазғандарын айтып жылай бастады. Мен өз хатымнан ұшақ жасадым. Міне қараңдар, лақтырамын деп ұшырып жібердім. Жел қағаздан жасалған ұшақты алысқа ұшырып әкетті. Барлығы аң-таң. Ұшқан хатымда не жазылғанын сұрап қоймады. Мен хатымда достарымның армандарын орындашы деп жазғанымды айттым. Сонда барлығы қуанып енді осы хат Аяз атаға жетеді, Солтүстік жел қолына жеткізеді деп сенді. Желтоқсанның жиырма сегізі. Жаңа жылды тойлау басталды. Тамағымызды қарылтып айғайлаудамыз. Аяз ата! Аяз ата! Аяз ата! Айғайлап шақырмасаң келмей қалатын секілді. Жоғарғы сынып оқушылары көптеген кейіпкерлердің киімдерін киіп алып біздің көңілімізді аулауда. Аяз атаның жанына барып тақпақ айтып сыйлықтарын алып жатқан достарым маған алғыс айтып,
тілеген ойыншығы, тілеген тәттісі, тілеген қуыршағы немесе машинасы Аяз атаның құлағына менің хатым арқылы жеткеніне рақмет айтуда. Мен аң-таңмын. Маған не айтар екен деп менде жетіп бардым. Сонда Аяз Атамыз:"Барлығыңның тілектеріңді(мені көрсетіп) мына баланың арманын орындау үшін жасадым. Саған да сыйлығым бар" - деп маған да бір қорап сыйлық берді. Кейін білдім. Сол кездегі достарымның лақтырған хаттарын жоғарғы сыныптың оқушылары жинап алып, ата-аналарына жеткізіп, ал менің хатымды мектеп директоры тауып алыпты. Бірінші тілегімді балалардың өз ата-аналары орындап, ал маған бір қорапта бір ойыншық пен ересек болғым келеді дегеніме көптеген қызықты кітаптар сыйлапты. Кім біледі? "Аяз ата" деген ғалам бірдей деңгейде сенетін тылсым күші бар сенім болар. Міне, мен де сол күшке сенемін. Көп оқимын. Оқи жүріп есейемін. Бұл оқиға менің қалың қарды не үшін жақсы көретінімді жақсы түсіндірген болар. Достарыма көп айтатын сөздер : "Қар жауса екен, тізеге дейін!Немесе белге дейін". Есімде тұрғанда еске аламын!
Мадияр Бабахан
Comments