Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты елімізде атаулы шаралар, маңызды кездесулер кеңінен өткізілуде. Осыған орай университет қабырғасында Абай рөлінде жадыда сақталып қалған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сынды бірегей актермен кездесу кеші өткізілді, өтінішімізді жерге тастамай келген қадірлі қонағымыздан ойға нәр болар ағалық сөз есту бақыты бұйырыпты.
Ұлы ақын Абай рөлімен небәрі 30 жасында көзге түскен тума талант өмірден көрген-түйгендерін айтып, ойымен бөлісті. Актёрлыққа бет бұрмастан бұрын, "Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай" принципін ұстанса, уақыт өте өмірлік тәжірибе жинағаннан кейін "Аспен атқанды таспен ат" ұстанымына көшкенін айтып, өнердегі, өмірдегі қызықтарымен бөлісті. Әрине, 30 жасында кімде-кім келісе беруі қиын, жауапкершілігі мол ұлы Абай бейнесін сомдауға мүмкіндік алу, үлкен еңбекті талап етеді. Актёрдің өзі айта кеткендей, алған рөлді сомдауың үшін актёрлық шеберлігің ғана жеткіліксіз, сонымен қатар бойыңда кейіпкеріңнің тұлғалық қасиеті болуы шарт. Өмірде екіжүзді, жақсылыққа қас болып, өнерде жақсы рөльді алып шығу мүмкін еместігін айтып, тілге тиек етеді. Тамсана тыңдап отырып, актёрдің дәл осы сөзімен келіспеске болмады. Құдды алдымда, ұлы Абайдың өзі сұхбат бергендей көрінді.
Кездесу соңында актёр жастарға ағалық ақылын айтып, естелікке керемет сурет қалдырды.
Дина Максотова
Comments