2019 жылдың қазан айының 10 жұлдызында “Тұран” университетінің қабырғасында Журналистика және аударма ісі кафедрасының жетекшілігімен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, «Ақиқат» журналының бас редакторы, белгілі ақын Аманхан Әлімұлы ағамызбен кездесу болып өтті. Кездесу барысында Аманхан аға қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистика саласына қалай келгендігін, өзінің мансаптық жолында жеткен жетістіктерін баяндап, ағалық кеңесімен қатар журналистика саласындағы тәжірибесімен де бөлісті.
«Адам баласы өле-өлгенше армандай білу керек. Әйтпесе жан баласы тірі өлікпен пара-пар адамның кейпінде ғана өмір сүреді»- деген ел ағасы арман деген шіркіннің адамзатпен мәңгі жасайтытынын, жүрегінде мәңгі ұялайтынын айтты. Бұған дәлел Аманхан ағаның арманның жетегінде жүріп, алдына биік мақсаттар қойып, асқар шыңға жету жолда еңбектеніп, араға 6 жылды артқа тастап, қалаған мамандығына оқуға түскендігі. Сол себепті журналистің фантазер болуы керектігін бізге, яғни жас журналистердің санасына жеткізгісі келген шығар. Журналистикаға деген адалдығы, махаббатының тазалығы, еңбекке деген құмарлығы, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі оны бүгінде ел ағасына айналдырып отыр.
«Журналистер проблеманы көтереді, бірақ оны шеше алмайды. Себебі журналисте билік жоқ.»
Шынымен де біз қаламмен қағаз бетіне түсіріп, көкжәшіктен ақпарат таратып, радио арқылы халыққа шындықты, мәліметтерді жеткізушіміз, бірақ проблематиканы шешетін арнайы қызметкерлердің бар екенін ұмытпаған жөн. Қоғамдағы болып жатқан ақпараттарды жеткізу үшін журналист ең алдымен, білімді болуы керек. Бұл жас журналстерге қойылатын басты талаптардың бірі.
Аманхан аға: «Қазіргі қоғам жастардікі. Әр адам жеке тұлға болуға ұмтылу керек. Біз кезіндегі Совет үкіметінде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Ата-аналармыз секілді сені үкімет асырайды деп айта алмаймыз. Советтік үкімет кезінде жұмыс істемей жүрсең, сені қамауға аламыз деп қорқытып, ең әуелі жұмыс тауып беріп, яғни бізге асты дайындап беретін. Ал қазір ше? Қазіргі қоғамның кейпі бір бөлек, мүлдем басқа, біз капитализмдік жүйемен өмір сүреміз. Жұмыс табу қиын. Қазіргі қоғам еңбекті талап етеді. Туысың өз жұмысын жақсы атқармаса, маған бұндай руластың керегі шамалы, маған нағыз жұмыс істейтін адам керек дейтін заманға келдік. Журналистерді 2 аяғы асырайды. Деп өз сөздерін қайырды.
Аманхан ағадан үлгі, ал сөздерінен өміріңдей өлшенер өсиет алуға болады. «Құдайдан үмітім бар, Мен ең бірінші Алладан, 2 ші жақсы адамдардан жақсылық көрдім. Өзін танымаған адам, Алланы да танымайды. Қандай жанға ашылып барсаң, ол да саған жылы лебізін білдіріп ашылады. Жамандық аяқтың астында, жаман адам болудан дүниеде ең онай нәрсе жоқ, Жақсы адам болу қиынның қиыны. Адам жақсыны көре алмайды, немесе жақсы адамдарды, жақсы адамдар дәл бір каскадер секілді. Бір жамандық істесе жамандығын көріп, бір мезетте қасықтап жинаған абыройын, жоқ қылады. Ешқашан мына адам менен неге озып кетті деме, біріншіден, сенің қызғаншақтағыңды білдіреді, екіншіден, сенің де дәл сол адамдікідей қол- аяғың бар, көзің, т.б. бар. Сен неге мен одан қалуым керек деп, алдағы уақытта еңбектенуің керек.»
«Әр отбасының өзінің бақыты болады. Ол сыйластыққа құрылады. екі жастың ортасына есі кеткен түседі, сол себепті адамның ішкі жан дүниесіне бөтен, бөгде адамның араласуына жол жоқ! Адам болашақ жарын, мамандығын таңдағанда жаңылмауы керек. Бірақ екеуінде де жүректің үніне құлақ салып, ақылмен саралаған дұрыс.
«Адам баласы бұл өмірде кешірім сұраудан және кешіруден ұялмағаны жөн.
Сынды адам баласы қабылдай білі керек. Егер сын фактілермен дәлелденіп, сарапталса, оның кемшілікті тұстарын нақты көрсетіп нақты дәйектеп берсе. Ал құр сөзбен жамандап, байыбына бармау сын бергенмен тең емес.»
«Мақтаныш пен мақтанудың айырмашылығы жер мен көктей, біз бұны шатастырмауымыз керек. Өткенді мақтаныш етіп, бүгініңмен мақтану керек. Егер өткеніңмен мақтанатын болсаң, өзің сол атаққа лайық болуың керек.»
Адам баласы Алланың туа біте берген өнерін елге көрсетуден қысылмауы тиіс. Бар өнерін көрсету ол жамандық емес. Мұның бәрі жарқын жанды жылы жүзді журналист атамыздың ақтарыла айтқан ақылы мен сырлары.
Ал бұл, бүгінгі кездесуден түйген ақыл өсиеттеріміздің шағын бір бөлігі ғана. Аманхан ағамен кездесу өз мәресіне жеткенге дейін қарттықтың белгісімен еңкеймей, кеудесін нық ұстап, аяғынан тік тұра, аса шынайы махаббатымен бар білгенін бізге үйретті, жүректерді жібітті, шабыттандырды, әрі журналистика саласын әс жүзінде үйренемін деушілерді жылы жүзбен құшақ жая қарсы алатынын мәлімдеді. Аманхан ағаға үлкен алғыс, біз сізбен мақтанамыз.
Сұхбатты дайындаған: Мөлдір Аубел
Comments