Үстіміздегі жылдың 9 қазанында Алматыдағы «Ғылым Ордасында» М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Алматы қалалық Білім басқармасының біріге ұйымдастыруымен «Орта білім берудің жаңартылған мазмұны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін оқырманға құлағдар еткенбіз. Басқосуда қазіргі қазақ мектептерінде оқытылып жатқан «Қазақ әдебиеті» пәнінің бағдарламасы сын көтермейтіні туралы өзек өртер әнгімелер қозғалды. Осы саладағы ғалымдар мен тәжірибелі ұстаздар, мұғалімдер мектептегі әдебиет оқулықтарын түзеудегі олқылықтарды оқулық авторларының алдына көлденең тартты. Әрі сол кемшіліктерді түзетуге қатысты ой, ұсыныстарын ортаға салды. Қайсыбір солақай пікірлі саясаткерлер Республика өңірінде қазақша оқитын оқушылар саны аз дегенді бықсыта тұтатып жүргендерін де құлағымыз талай рет шалған. «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанұлының жиында сол сыңарезулілерге соққылы жауап ретінде келтірген зерделеу материалын жұртшылық назарына ұсынып отырып, осы үрдіс жалғасатынын ескертеміз.
Патша заманында, бұдан екі жарым ғасыр бұрын қазақ тілінде оқытатын бір-ақ мектеп болған. Оның өзі – Ыбырай Алтынсарин ашқан бастауыш мектеп еді. Кеңес дәуірінде, біріншіден, қазақ мектептері, техникумдар мен жоғарғы оқу орындарында қазақ бөлімдері ашыла бастады. Негізінен қазақ мектептері санының өсуі егемендік алғаннан кейінгі жылдарда ғана көрініс береді. Өйткені дәл сол тұстан бастап дербес мемлекетіміздің экономикасы дамып, әлеуметтік жағдайы оңды шешімін тапқан еді. Ең бастысы – елдегі халық саны артып, соның ішінде қазақ тілді қазақтар молайды. Осыны біз соңғы жылғы деректер негізінде сараладық.
2019 жылы шілде айында Қазақстан халқы 18,5 миллион адамнан асты, оның ішінде қазақтың саны 12,5 млн.-ға жетті (67,6%). Бүгінде қазақтың саны солтүстіктен басқа барлық өңірде басым. Соның ішінде: Түркістан облысында – 1508,2 мың қазақ (76,0%), Алматы облысында – 1469,9 мың (72,1%), Алматыда – 1120,6 мың (60,4%), Нұр-Сұлтан қаласында – 851,9 мың (79%), Шығыс Қазақстан облысында – 834,8 мың (60,5%), Жамбыл облысында – 818,5 мың (72,7%), Қызылорда облысында – 764,6 мың (96,3%), Ақтөбе облысында – 720,4 мың (82,8%), Қарағанды облысында – 714,1 мың (51,8%), Шымкент қаласында – 676,7 мың (67,05%), Маңғыстау облысында – 617,1 мың (91%), Атырау облысында – 586,8 мың (92,6%), Батыс Қазақстан облысында – 418,0 мың (64,1%), Павлодар облысында – 394,7 мың (53,4%), Ақмола облысында 379,3 мың (51,4%) қазақ тұрады.
Ал әзірге қазақтар аз тұратын өңірлер: Солтүстік Қазақстан облысы – 194,2 мың (35,0%), Қостанай облысы – 355,7 мың (40,7%).
Осылай халық санының өсуіне қарай қазақша оқитын балалардың қатары да артуда. 2008 жылы олардың саны 1546 мың (60,3%) болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2515,9 мың оқушыға жетті (65,5%). Ең көбі Түркістан облысында – 364,7 мың оқушы (77,7%), Алматы облысында – 288,1 мың (73,0%), Жамбыл облысында – 171,2 мың (72,6%), Қызылорда облысында – 142,0 мың (91,4%), Шымкент қаласында – 133,9 мың (66,8%), Алматы қаласында – 125,6 мың (43,6%), Маңғыстау облысында 122,1 мың (86,6%) бала қазақша оқиды.
Ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 19,7 мың оқушы (27,2%), Қостанай облысында – 43,0 мың (40,0%), Павлодар облысында – 45,8 мың (44,2%), Ақмола облысында – 59,3 мың оқушы (47,9%).
Қуантатын бір жағдай – осы соңғы он жыл ішінде қазақша оқитын балалардың саны Ақмола облысында 16,6 мыңға өскен, ал Қостанай облысында бұрынғы көрсеткішке13,1 мың оқушы қосылған.
Қазақ мектептерінің ең көбі Түркістан облысында
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында да қазақ мектептері қарқынды дамуда. 2008 жылы астанамызда қазақша оқитын балалар саны 38,2 мың (54,7%) болса, 2018 жылы 166,2 мыңға (57,3%) көтерілді. Демек, он жылда қазақша білім алатын өрендеріміздің саны бас қаламызда 57 мыңға көбейген, бұл дегеніңіз қатарға 100 жаңа қазақ мектеп косылғанмен бірдей. Бұл – Шымкент қаласынан кейінгі екінші көрсеткіш (+ 65,8 мың).
Соңғы он жылда елдегі жалпы мектеп саны, 2008 жылы 5867-ні құраса, 2018 жылы 7893-ке жетті, ал қазақ мектептері 3836 болса, он жылдан кейін 3797-ге төмендеген. Осы мерзімде қазақша оқитын балалардың саны 969,9 мыңға өскен. Сонда әр қазақ мектебіндегі оқушылардың саны 2008 жылы 403,8 баланы құраса, 2018 жылы орта есеппен алғанда бір мектепте 662,6 бала оқыды деген сөз. Демек, бір қазақ мектебіндегі балалардың саны он жылдың ішінде 258,8 оқушыға көбейген. Бұл көрсеткіштер мектептердің ірілендіріліп, қосылып, жаңа үлкен мектептер ашылып, шағын мектептердің азайғанын көрсетеді.
Қазақ мектептерінің ең көбі Түркістан облысында – 705, Алматы облысында – 441, ШҚО-да – 344, Жамбыл облысында – 314, Қызылорда облысында – 273, Ақтөбеде – 263, Батыс Қазақстан облысында – 257, Қарағанды облысында – 230, Ақмола облысында – 160, Павлодар облысында – 140, Атырау облысында – 138, Маңғыстау облысында – 130, Қостанай облысында – 120, Солтүстік Қазақстан облысында – 118, Алматы қаласында – 76, Шымкент қаласында – 57, Нұр-Сұлтанда – 31.
Он жылда сегіз өңірде қазақ мектептерінің саны 181-ге жеткен. Алматы облысында 48 мектеп қосылған, Маңғыстау облысында – 31, Алматы қаласында – 25, Шымкент қаласында – 24, Түркістан облысында – 22.
Осы мерзімде тоғыз өңірде 193 шағын қазақ мектебі қысқартылған. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында – 38 мектеп, Ақтөбе облысында – 35, Батыс Қазақстан облысында – 32, Солтүстік Қазақстан облысында – 29, Қостанай облысында 22-ге азайған.
Аралас мектептер мәселесі – уақытша шешім
Демографиялық, этникалық, ұлттық саясатқа байланысты еліміздің барлық өңірінде соңғы он жылда аралас мектептердің саны 2147-ден 2255-ке көбейіп отыр. Ең көп аралас мектебі бар өңірлер: Алматы облысы (319), Ақмола облысы (224), Қарағанды облысы (196), Түркістан облысы (192), Шығыс Қазақстан облысы (185) және Павлодар облысы (165).
Осы аралас мектептерде 2018 жылы республика бойынша 1380 мың оқушы білім алды, соның ішінде 691,7 бала – қазақша оқитындар. Аралас мектептерде ана тілінде оқитындардың көбісі Алматы облысында – 138,5 мың, Жамбыл облысында – 66,6 мың, Түркістан облысында – 72,4 мың, Шымкент қаласында – 66,6 мың, Қарағанды облысында – 47,1 мың, Ақтөбе облысында 35,8 мыңға жеткен. Сол балалардың жалпы саны бір мың қазақ мектебін құрайды екен.
Иә, түрлі себептермен аралас мектептер саны өсіп келе жатыр. Оған бюджеттің тапшылығы, жоспарлаудағы кемшіліктер, туындаған мәселелерді жеңіл әрі тез шешуге ұмтылу сынды жәйттар себеп болуда. Жергілікті басқару орындары болашақта бұл мектептерді бірыңғай қазақ мектебі дәрежесіне ауыстыру жолдарын іздестіруі қажет.
Соңғы жылдары қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқытатын аралас мектептер қатары да көбеюде. 2007-2008 жылдары пилоттық жоба бойынша осындай үш тілді 33 мектеп болса, қазір олардың саны 117-ге жеткен. Онда 63 мың бала оқиды, бұл еліміздегі барлық оқушының 2,3%-ын құрайды. Осы мектептерде сабақ беретін мамандар дайындау жұмыстары да қолға алынды. 42 жоғарғы оқу орнында үш тілді дамытатын жүйеге байланысты ағылшын бөлімдері ашылды. Бұл тұрғыда біраз сын айтылған соң, оған да өзгерістер енгізіліп жатыр.
Өзге ұлттың балалары да қазақша оқи бастады
Қазақстан – көпұлтты ел. Оның көрінісін ұлттық мектептердің дамуынан көруге болады. Елімізде 3717 қазақ, 1312 орыс, 12 өзбек, 11 ұйғыр, 1 тәжік мектебі және 5 басқа ұлттың мектептері бар. Оларда 2385,9 мың қазақ, 392,7 мың орыс, 129,9 мың өзбек, 51,9 мың ұйғыр, 32,6 украин, 25,7 әзербайжан, 24,1 татар, 17,1 кәріс, 15,6 түрік, 11,2 тәжік, 6,2 қырғыз, 60,2 басқа ұлттардың балалары оқуда. Соңғы он жылда қазақ оқушылары 556 мыңға артқан, орыс оқушылары – 16 мыңға, өзбек – 27,6 мыңға, ұйғыр – 7,8 мың, әзербайжан – 5,4 мың, кәріс – 2,9 мың, тәжік – 2,9 мың, қырғыз – 1,8 мың, түрік 0,5 мыңға көбейген. Керісінше, украиндық оқушылар саны – 5,5 мыңға, татарлар 0,05 мыңға төмендеген.
Демография, миграция, мектептерді ірілендіру, үлкен мектептер ашу сынды жаңалықтар мектептер санына да елеулі өзгерістер әкелді. Мысалы, орыс мектептерінің он жылда 573-і қысқарған, соның ішінде Солтүстіқ Қазақстан облысында – 190, Павлодар облысында – 76, Қостанай облысында – 64, Қарағанды облысында – 55, Ақмола облысында – 53. Ал осы мерзімде республика қөлемінде орыс мектептеріндегі оқушылар саны 16 мыңға өскен. Сонда әрбір орыс мектебінде 2008 жылы 199 бала оқыса, он жылдан кейін, яғни 2018 жылы ол көрсеткіш 299 балаға көбейген. Жалпы, жоғарыдағы факторлардың әсерінен орыс мектептерінің көпшілігі – шағын, аралас деңгейде. Ал өзбек, ұйғыр мектептері іріленіп келеді. Мұнда мектептер қысқарып, оқушылардың саны артуда, өзбек мектептерінің саны 63-тен 12-ге дейін азайса, өзбек оқушылары 27 мыңға өскен, ұйғыр мектептері 15-тен 11-ге азайса, оқушылар саны 7,8 мыңға жеткен.
Еліміздің білім саласындағы бір ерекшелік, басқа ұлттың өкілдері соңғы жылдары қазақ, орыс мектептерін таңдауда. Өзге ұлтты оқушылардың 130 мыңы қазақ, 85,5 мыңы орыс мектебінде білім алуда.
Түйткілді мәселелер де жоқ емес
Қазіргі жаһандану заманында әр елдің жауапкершілігі, міндеттері еселеніп келеді өсуде. Дүние жүзінде қазақ халқы 15 млн.-нан асты. Соған сай сан мен сапа пара-пар болуы тиіс. Бүгінгідей бәсеке заманында әр азаматтың қабілеті зор болуы керек, яғни білім, білік сынды қасиеттер жекелеген ерекше адамдарда ғана емес, барлығымыздан табылғаны абзал, ол – уақыт талабы. Ал жақсы білімнің негізі мектеп қабырғасында қаланатыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі қазақ мектептерінде көптеген тың жаңалықтар, атап айтсақ, жаңа оқулықтар, жаңа бағдарламалар, жаңа методикалық оқу құралдары енгізілуде. Дамыған елдердің тәжірибелері де соңғы жылдары қазақ тілді білім ордаларында қеңінен пайдаланылуда. Мысалы, барлық Назарбаев зияткерлік қазақ сыныптары бар. Жыл сайын педагогика мамындығына 12 мың грант бөлінеді, оған қосымша әрбір жергілікті әкімдіктер өздерінің грантын береді. Педагогика мамандығы бойынша мұғалімдердің білімін жетілдіретін «Өрлеу» ұлттық орталығы 2011 жылдан бері ұстаздарды ағылшын тілінде оқытатын арнайы бағдарламаны іске асырып келеді. Ол бойынша, 3900 мұғалім Ұлыбритания, Жапония, Испания, Португалия, Германия университеттерінде арнайы дәріс алып келді.
Дегенмен түйткілді мәселелер де жоқ емес. Ауылдағы үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайда тұрған мектептердің жайы өзекті. «Дипломмен ауылға», «Серпін» сынды бағдарламаларға әлі де екпін берілуі тиіс.
Қазақ мектептерінің даму кезеңінде арнайы орта білім беретін колледждерде де оң өзгерістер болып жатыр. Соның ішінде қазақ бөлімдері тез өсуде. Колледжерде қазақша оқитын студенттердің саны 289,6 мыңға жетті. Бұл барлық колледжде оқитын 489,8 мың студенттің 59,1%-ын құрайды. Ал қазір республикамыздағы 130 жоғары оқу орнында 542,4 мың студент дәріс алуда, соның ішінде қазақша оқитын студенттердің саны 350,4 мыңға жетті, бұл еліміздегі барлық студенттің 64,6%-ын құрайды.
Жекеменшік білім ошақтары
Елімізде 1992 жылдан бастап жекеменшік мектептер ашыла бастады. Бүгінгі таңда олардың саны 120-ға жеткен, соның 51-і – Алматыда, 12-сі — Нұр-Сұлтан қаласында. Алматы облысында – 8, Шымкентте – 7, Ақтөбеде – 7, Ақтауда – 5, Өскеменде – 4, Қостанайда – 4, Таразда – 3, Оралда – 3, Семейде – 2, Петропавлда – 2, Атырауда – 2, Қызылордада – 1, Қарағандыда – 1, Теміртауда – 1, Ақмола облысында — 1 жекеменшік мектеп білім беруде. Олардың көпшілігі – аралас мектеп, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытады. Жекеменшік мектептер арнайы бағдарламалар шеңберінде қосымша сабақтар беру, шет тілдерін тереңдете оқыту, әр оқушыға жеке тұлға ретінде ерекше көңіл бөлу арқылы көпшілікті өздеріне тартуда.
Соңғы жылдары мемлекет пен жекеменшік әріптестікті дамыту бағдарламасына сәйкес жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыстар беріле бастады. Мысалы, 2018 жылы Шымкент қаласында – 3310 орынға, Нұр-Сұлтан қаласында – 3721, Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған «Сымбат» мектеп-интернатында 600 баланы оқытуға мемлекеттік тапсырыс берілді. Ал алдағы 2022 жылы республиканың 3 өңірінде 89 жекеменшік мектепте 56300 баланы оқытатын мемлекеттік тапсырыс берілу жоспарланып отыр. Болашақта білім саласында жеке басты қаржыландыру жүйесі іске қосылған кезде, жекеменшік мектептер саны қарқынды түрде өседі деген болжам бар.
Мұғалім – мектеп жүрегі
Соңғы он жылда қазақ мектептерінде сабақ, беретін ұстаздардың саны да өсуде. 2018-2019 оқу жылында барлық мектепте 338775 оқытушы жұмыс істеді, ал 2008-2009 оқу жылында бұл көрсеткіш 279982 болған. Демек, он жылда мұғалімдердің саны 58793-ке жеткен.
Осы орайда бізді алаңдататын бір жағдай, кейінгі уақытта ұстаздар арасында білім саласынан кету деректерінің көбеюі. 2016-2017 оқу жылы 11 704 оқытушы кетсе, 2017-2018 оқу жылында бұл көрсеткіш 12 154-ке жеткен. Сонда он жылдың ішінде орта есеппен 100 мыңнан астам ұстаз білім саласынан басқа қызметке ауысқан. Басты себеп – жалақының төмендігі. Қазіргі таңда бұл бағытта қабылданып жатқан түрлі іс-шаралар әлі де қауқарсыз. Жыл сайын педагогика саласының маманын дайындап шығару үшін 12 мың грант бөлінеді. Он жылда 120 мың грантқа, қосымша 61 мың грант артығымен беріледі. Зейнет жасына, денсаулығына, отбасылық жағдайларға және басқа да түрлі себептерге байланысты бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін, бірақ жалпы ахуалға айтарлықтай әсер ете қоймас. Сонда жыл сайын 17,5 млрд. теңгені қосымша грантқа жұмсағаннан гөрі, бұл қаржы мұғалімдердің еңбек ақысына жұмсалса, онда жыл сайын әр ұстаздың жалақысына 51,5 мың теңге қосуға болар еді.
Ұстаздан қаржы аямайық
Еліміздегі барлық саланы экономикалық жағынан саралап келгенде, айлық жалақының төмендігі жағынан мұғалімдер ең соңғы орында орналасқан. Бұл көрсеткіш көп жыл бойына өз орнынан мызғымай, сақталып қеледі. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін түрлі жол іздестірілуде. Солардың бірі – Ұлттық дәрежелік тестілеу жүйесі. Аталған сыннан өткен оқытушылардың жалақысына 30-50% үстеме ақы төленеді. Өткен оқу жылында біліктілік сынға түсетін осы тестілеу жүйесіне 56 910 оқытушы қатысып, 36 272-сі (63,7%) қажетті балл жинап, екінші турға жіберілген.
Қазіргі дайындалып жатқан, педагог-мұғалім дәрежесін қөтеруге арналған Заң жобасы осы негізгі жалақы мәселесін түбегейлі шешуі тиіс. Бюджетте мұғалімдердің төлемақысының деңгейін нақты белгілеп, инфляциядан қорғайтын коэффициенттер ескеріліп, шешімін заңды түрде енгізіп, бекітетін уақыт келді.
Адам капиталы туралы соңғы жылдары көп айтып келеміз. Оның маңыздылығын, стратегиялық орнын бәріміз білеміз. Ендеше, бүгінгі таңда адам капиталының негізін қалайтын, яғни мектеп оқушыларын сапалы оқытып шығаратын мұғалімдердің жалақысы бюджеттің стратегиялық, экономикалық, әлеуметтік қауіпсіздігі міндетін атқаратын категориясы деп қарау керек. Егер бюджеттен жылына 1,2 трлн. теңге оқытушылардың жалақысына жұмсалса, ол экономикадағы сұранысты осы көлемге ұлғайтумен бірдей деген сөз. Осы уақытқа дейін біз өндірушілерді қолдап келсек, енді тұтынушыларды да қолдайтын кез жетті. Яғни экономиканың екі жағын теңестіретін уақыт келді, былайша айтқанда, біз осы мәселеге келіп тірелдік. Мұны шешпей әрі қарай жылжу мүмкін емес деп ойлаймын.
Білім саласында біз атқарар, қолға алар жұмыс өте көп. Мектептердің, оның ішінде мақаламыздың басында айтып кеткен қазақ мектептерінің алдында тұрған орасан жұмыстар шаш-етектен. Ең басты міндеттің бірі – жаңашыл, болашакқа бейімделген, отансүйгіш, алғыр, бәсекеге қабілетті, кез-келген қиындықтарға дайын жас буын дайындау.
Қазақ мектептерінің санын көбейтіп қана қоймай, ондағы жеткіншектерге қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, мәдениеті мен өнері сынды құндылықтарымызды тереңдете, сапалы оқыта білген абзал. Олар – біздің болашағымыз. Қазақстанды Мәңгілік ел ететін сол өрендер. Мемлекет мұғалім мәртебесін көтерген сайын, қоғамда ұстаздың беделі де жоғарыламақ. Баламызға қалам-дәптер ұстатып, әріп танытып, одан әрі оқытып, азамат етіп тәрбиелеп үлкен жолға салатын ұстаз деген қауымнан қаржыны аямаған жөн, жалақысын көтеруге әлеуетіміз жетеді.
Comments