Сіздің өміріңізде оң өзгеріс орын алды,жаңа өмір басталды: бұл – студенттік өмір. Студент – университетке түскен адам ғана емес, оқу орнына иелік ететін үй қожайыны. Өйткені, университет атты екінші үйіңізде болып жатқан бар оқиға сізбен тікелей байланысты: оқу, сауық кеші, өзге де шаралар. Балалық шақты артта қалдырып, үлкен өмірге «балмұздақ» болып қадам басу басталатын кез. Университет қабырғасына келгенде ересек болғаныңды, бойжетіп қалғаныңды бірден сезіне қоймайсың. Ата-анаңның еркелігін аңсап, үйдің бәліштерін сағынып, кейде бір-екі мәрте көз жасыңды сығып аласың. Ал, кейбір жаңа студенттер бірден студенттік билет алуға асығып жатады. Ал, бұл кезеңнің ең қызықты кеші «Студенттерді қабылдау кеші» болатын.
Тұран университетінде әдеттегідей жыл сайынғы салтанатты кешпен аталып өтетін «Студенттерді қабылдау 2019» кеші болмақ. Әрине, бұл мереке әрбір университет табалдырығын аттаған балмұздақ студенттерімізге арналған кеш. Түрлі танымал жұлдыздармен әсем ән, дәмді фуршет, көңілді ойындар мен көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын күн. Кеш университетіміздің ректорының ашық сөзімен басталып, керемет шабыттандырар бимен аяқталады. Мерекелік іс-шара барысында жыл бойына оқуда және ғылыми қызметте белсенділік танытқан, ең жақсы нәтижелер көрсеткен студенттер, «Жыл студенті» құрметті атағына ие болады, ал қоғамдық өмірде белсенділік танытқан студенттер «Жыл белсендісі» номинациясын алады. Ең таңдаулы студенттік ұйымдар жыл сайын «Жылдың үздік ұйымы» атағы үшін күресетін болады. Ең үздік студенттердің ішінен таңдаулылары қаланың сәулетті мейрамханаларына ректормен кешкі ас ішуге шақырылады. Бұл студенттердің барлығы университетіміздің эмблемасы басылған түрлі сыйлықтармен марапатталады. Салтанатты кеш әдемі безендірілген, керемет банкет залдарда өтеді. Бұл марапаттардың барлығы әр студентке мотивация болып, үміт отын жағады. Биыл «Студенттерді қабылдау 2019» қазан айының 17-і жұлдызында өтеді. Өтетін орны «Vivat Grand Hall» банкет залы. Бұл жылғы кеш қонақтары, барлық жастардың сүйіп тыңдайтын жұлдыздарына айналған Ирина Кайратовна мен өнердегі жігіттерден құралған керемет топ «Renzo» тобы болмақ. Толығырақ ақпаратты @univer_turan инстаграм желісінен алсаңыздар болады.
Әр студент үшін өзін салтанатты түрде қабылдау әсерлі деп ойлаймын. Сенде біздің осындай қызықты кешімізден құр қалма, студент! Бізбен бірге бол!
Құралай Палмырзақызы
«Тұран» университеті
3-курс студенті, журналистика мамандығы
Comments