Театр – қоғамдық ой-сананың негізгі формаларының бірі.
Театр – халықты эстетикалық адами ізгілікке тәрбиелеудің маңызды құралы болып табылады. Ол ортаның өзгеше бір қасиеті, сахналық мазмұн желісі, идеялық-эстетикалық болмысы драма арқылы ашылуы өзінше бір әлем. Көрермен театр сахнасындағы қойылымды бар ынта-зейінімен, ынтызарлығымен тебірене көреді. Театрдың тәрбиелік қызметі мен идеялық-эмоциялық және көркемдік-эстетикалық жағы пьесадағы басты тұлғаны сомдау барысы, сахналық кейіпкерлердің характерлерін жасайтын тұлғалар – актерлер.
Бүгінгі М.Әуезов атындағы драма театр төрінде қазақтың бір туар тұлғалары, ақын Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынова туралы, белгілі жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» атты спектаклінің қойылымы болып өтті. Спектакльді қойған С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма-театры. Ұжымның Алматы қаласындағы гастролі толықтай аншлагпен өтуде. Жас та болса қазаққа тұлға болған ақиық ақынымыз Мұқағалидің рөлін актер Мейірбек Шәкенов, Фаризаның бейнесін сомдаған Дина Зайытова өте тамаша актерлік шеберлік көрсете білді. Актерлердің ойнау манерасы жоғарыда айтылған теңеулердің айқын бейнесі дер едім.
Өнердің өзге түрлеріндей театр да өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейді. «Фариза мен Мұқағали» қойылымындағы актерлер ансамблі, көңіл-күй, ырғақ пен үзіліс, сөз астары, стиль, принципшілдік, сахналық бейне жасауда түгелдей үйлесім тапқан. Қоюшы режиссёрдың автор идеясы мен ойынан алшақ кетпегені де көрушілер көңілінен шықты. Спектакль драмалық қойылым болса да, онда мюзикл жанрын ұтымды қолдана білген. Қойылым барысындағы адам характерлерін әр қырынан ашып көрсету, ойын тәсілін батыл қолданған қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязовтың да тәуекелділігін көрсетіп тұр.
Спектакльдегі романтизм мен реализм, психологиялық толғаныс сәттері, сөз мағынасының терең ашылуы, ақындық шабыт пен парасаттылықты жеткізу, ішкі сезім мен образдың үйлесім табуы актерлік ізденістердің басты бағыты болған. Ішкі толғаныс, қимыл мен қозғалыс, салмақтылық, ой ағымы, ең бастысы сөз құдіретін терең ұғындыру, ішкі сезімдерін халыққа жеткізе білу – бәрі актерлардың шеберлігіне байланысты. Тамашалағанымыздан көпке дейін эстетикалық әсерде, терең ой толғаныста болуымыз қойылымнан алған рухани азық тапқандығымыз болар.
Өз тарапымыздан көрермен ретінде, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды Халықтар достығы орден иегерлері қазақ мемлекеттік драма театры актерларына дән ризашылығымызды айтып, мол әсер үстінде үйге қайттық.
А.Құрманбаева
Comments