«Тұран» дегенде ойыңызға не келеді? Бұрын бұл сөз география сабағында оқыған Тұран жазығын есіме салатын.Қазіргі таңда,өзім білім алып жүрген ғимарат елестейді.Негізінен, «тұран» – «түріктер мекендейтін жер»,«елдің атауы» деген мағына береді.Тарихқа көз жүгіртер болсақ,Түркістан өлкесінің ежелгі атауы.Бұл атау, бірнеше жылдардан соң менің өмірімнің өшпес естелігіне айналары анық.
Осыдан бір жыл бұрын,үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрғанда,барлық түлектер секілді қобалжып,«Мені алда не күтіп тұр екен?» деген сұрақ мазалады. «Журналистика» саласының маманы боламын» деген арманым Алматы қаласына жетелеп алып келген болатын.Мен үшін бейтаныс,әрі үлкен қаланы қаптаған жоғарғы оқу орындарын аралап,анам екеуміз біршама уақыт жұмсадық.Студенттерге жасалатын жеңілдіктер мен жағдайлар жайлы көптеген ақпараттарға қанық болдық.Шілденің шіліңгір ыстығында шығармашылық емтихандарды тапсырып болып,сол бір қобалжулы,түсініксіз көңіл-күйде туған қалама оралдым.Грант нәтижелері шығар уақытта,киелі Көкше жерінде конференцияға дайындық үстінде жүргенмін.Қуанышты жаңалықты Бурабайдағы Шортанды көлінің жағасында демалып отырғанымда,анам хабарласып естірткен болатын.Тамыз айында,Тұран университетінің «ректор гранты» бұйырып,тек маған ғана емес,отбасымызға қуаныш сыйлады.
Тұран Университеті жайлы бұрыннан естуім бар еді. Болашағымды жоспарлағанда өзімді мұнда елестетпеген едім.Кездейсоқ кезіктірген зәулім ғимаратта «студенттік шағымды өткіземін» деп ойламағанмын.Дегенмен, осында білім алып жатқаныма өте қуаныштымын.Алғашқы оқу жылы қызықты оқиғалармен есте қалды.Университет қабырғасына алғаш келген күні «креативті ойлау» пәнін өтетінімізден хабардар болдық.Бұл пәннің атауы біздің қызығушылығымызды тудырды.Аталмыш пәннен беретін мұғалімге тез-ақ бауыр басып кеттік.Сабақ барысында Гүлжан апайымызбен бірге табиғаттың таңғажайып көрінісін бойына сіңірген «Шарын шатқалын» өз көзімізбен көрдік.Шебер табиғат-ананың туындысынан шабыт алдық.Бұл сапар,енді ғана бір-біріне үйренісіп келе жатқан болашақ журналистердің ауызбіршілігін арттырды десек те болады.Одан бөлек,Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткен Нұтфолла Шәкеновты еске алу кешін, Қапшағай өлкесінде орналасқан,әрбір баланың арманына айналған «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында поэзия кешін ұстазымызбен бірге ұйымдастырған болатынбыз.Арамыздағы ақын жігіттер өз туындыларын оқыды,ескі әндер қайта жаңғырды,поэзия сүйер жастар Нұтфолла Шәкеновтың «Айгүл» поэмасынан үзінді оқыдық.Естен кетпес күндерді бастан өткіздік.
Біздің университетімізде өзіңді тек білім жағынан ғана емес, шығармашылық жағынан да шыңдауға арналған мүмкіндіктер алаңы шексіз.2018 жылы «Журналистика» мамандығының студенттері «TeART» атты театралдық сахналандырылған қойылымдар қоятын шығармашылық ұйым ашқан болатын.Сол ұйымнан өз орнымды таптым.Осы жылдың көктемінде Өскемен қаласында өткен «Ұлы өнер – ұлт жаңғыруы» атты студенттік театрлар арасында ұйымдастырылған сайыста бақ сынауға бел будық.Еліміздегі ең өзекті мәселелерді қозғап,сахналадық.Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған тәжірибелі театр ұйымдарымен сайысқа түстік.Нәтижесінде, 12 шығармашылық ұйымдар арасынан «үздік үштіктен» орын алдық.Бұл – жас театр ұжымы үшін үлкен мақтаныш.Бүгінгі күннің өзінде, талай белестерді бағындырып,талай таланттарды мойындатып үлгерді.
Бірнеше жылдардан соң жоғарыда аталған қуанышты кезеңдеріміздің естеліктерін қайта қарап,талай нәрсені еске түсіретініміз анық.Жоғарғы оқу орнындағы алғашқы қадамдарымыз жарқын сәттерге толы болды.Алда бізді одан да керемет уақыт күтіп тұрғанына мен сенімдімін.Өмірім тосын сыйларға толы.Тағдыр әрдайым мен ойлағаннан да асып түсетін,ең жақсысын сый қылып беріп отыратын.Бүгінгі таңдағы мен білім алып отырған орданы «тағдырдың берген сыйы» деп білемін.
Гүлманат Райымбаева
Comments